Маусым айына дейін дәрі тапшылығы болмайды – Ажар Ғиният

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Украинадан әкелінуі тиіс дәрілердің орнын қашан толтыратындарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусым айына дейін дәрі тапшылығы болмайды – Ажар Ғиният

«Украиналық дәрі жеткізушілердің орнына кімнің келетінін конкурс, тендер көрсетеді. Маусым айына дейін ол мәлім болады», - деді Ажар Ғиният Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ, ол бұған дейін Қазақстан Украинадан қандай дәрі-дәрмек алып келгенін айтты.

«10 түрлі дәріні емханаларға сатып аламыз. Қалғанының бәрі стационарларға арналған. Қазір ол дәрілерді ұқсас дәрілермен алмастыру мәселесін қарап жатырмыз. Олар кейбір дәрілердің 40-70 пайызын жеткізіп үлгерген еді. Сондықтан, маусым айына дейін дәрі болады. Екі айдың ішінде қажетті дәріні басқалардан сатып аламыз», - деді министр.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Украинадан дәрі әкелу келісімшарттарының күші жойылатынын айтқан болатын.