Маусым айында еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 81,4 мың адам жұмысқа орналасқан

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылдың маусымында елімізде ірi және орта кәсiпорындарға, ұйымдарға 81,4 мың адам жұмысқа қабылданған.

  Маусым айында еліміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарға 81,4 мың адам жұмысқа орналасқан

Сондай-ақ, түрлі себептермен 81,8 мың адам жұмыстан кетті. Бұл туралы Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, жұмыстан кеткен қызметкерлердiң арасында тұрақтамау себептері бойынша жұмыстан босатылғандар 84,9 пайызды, қызметкерлер санының қысқартылуына немесе кәсіпорынның таратылуына байланысты кеткендер – 1,7 пайызды, басқа себептер бойынша босағандар 13,4 пайызды құрайды.

«Ағымдағы жылғы маусымда жұмысқа қабылдау бойынша айналым коэффициенты 2,5 пайыз, жұмыстан босату бойынша айналым – 2,5 пайызды құрады, ал жұмыс күшінің тұрақсыздық коэффициенті – 2,1 пайыз болып отыр. Сонымен қатар, осы кезеңде жұмыс күшін ауыстыру коэффициенті 99,5 пайызды құраған», - делінген баспасөз баянында.