Маусым айында газбен жабдықтау мен жанар-жағармайға тарифтер көтерілмейді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев мәлім етті.
«Ағымдағы жылғы маусым айында жылумен, газбен жабдықтау сияқты реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерге және жанар-жағармайға тарифтер көтерілмейді»,-деп атап өтті А. Алпысбаев.
Оның сөзіне қарағанда, бұдан бөлек Маңғыстау облысын қоспағанда Қазақстан бойынша биылғы маусым айында электр энергиясының бағалары өзгермейді. «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» ЖШС стансасының тарифі Ақтау қаласы бойынша 2,85-тен 3,19 теңге/кВт сағат және облыс бойынша 2,26-дан 2,80 теңге/кВт сағатқа дейін көтерілуіне байланысты аталған өңірде электр энергиясының бағасы Ақтау қаласының тұрғындары үшін 0,34 тиын/кВт сағатқа, ал облыс тұрғындары үшін 0,54 тиын/ кВт сағатқа өседі»,-деді төраға орынбасары.
Сөз соңында ол «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» ЖШС стансасының тарифі 2006 жылдан бері көтерілмегендігін жеткізді.