Маусым айында инфляцияның жылдық көрсеткіші 6,8 пайызды құрады

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция маусымда 0,2 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл 0,4 пайыз болған еді. Екінші тоқсанның соңғы айында баға азық-түлік тауарлары - 0,1 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 0,5 пайыз, ақылы қызмет көрсету 0,1 пайыз өсті. 2009 жылдың маусымында ол азық-түлікте - 0,2 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарларда - 0,6 пайыз, ақылы қызмет көрсетуде 0,4 пайызды құраған. Бас банкирдің айтуынша, алғашқы жартыжылдықтағы сыртқы сауда мен төлем балансының қорытындысы тамыз айында белгілі болады. Жалпы ахуал тұрақты, айтарлықтай өзгерістер жоқ. Биыл алғашқы жартыжылдықта инфляция 4,4 пайыз болды, өткен жылы ол 3,9 пайызды құраған. Қаңтар-маусымда инфляцияның жедел қарқындауы азық-түлік тауарлары мен ақылы қызмет көрсетудің біршама қымбаттауына себепші болды. Бұл кезеңде азық-түлік - 5,6 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауар - 2,7 пайыз, ақылы қызмет 4,6 пайызға өсті. Маусымның қорытындылары бойынша ол жылдық көрсетуде - 5,1; 6,3 және 9,7 пайызды құрады.