Маусым айындағы оқиғалардан зардап шеккен Қырғызстан балалары Қытай тарапының шақыруы бойынша Хайнань аралында демалып жатыр

БІШКЕК. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қазіргі таңда маусым айында болған оқиғалардан зардап шеккен отбасылардан шыққан 7 жастан 15 жас аралығындағы елу қырғыз баласы Қытай тарапының шақыруы бойынша Санья қаласының ең тамаша демалу-сауықтыру мекемелерінде демалып, денсаулықтарын қалпына келтіріп жатыр.

Маусым айындағы оқиғалардан зардап шеккен Қырғызстан балалары Қытай тарапының шақыруы бойынша Хайнань аралында демалып жатыр

Қырғызстан Республикасы президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 желтоқсан күні балалар Хайнань аралындағы «Көбелектер шатқалында» болды. Көбелектер шатқалындағы саяхат барысында балалар Ялунвань айлағында орналасқан екі мұражайды да аралады.

Көбелектер мұражайында балалар Азия, Америка және Африкадан әкелінген әртүрлі жәндіктермен таныс болды. Кешке қарай қырғыз және қытай оқушылары арасында достық кеші өтіп, іс-шара аясында әртүрлі байқаулар мен концерттік бағдарламалар орындалды. Балалардың барлығына естелік сыйлықтары табыс етілді.