Маусым-шілде айларында Астанада менингиттің 80 жағдайы тіркелді - Ж. Бекшин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл елімізде 550-ден астам адам энтеровирустық инфекциямен ауырды деген күдікпен дәрігерлер көмегіне жүгініп, 154 адамда диагноз зертханалық жолмен расталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Жандарбек Бекшин айтты.
Брифингте санитарлық-эпидемиялық ахуал мәселелері, оның ішінде елімізде тұрақты эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету бойынша Агенттіктің қабылдаған профилактикалық шаралары туралы сөз қозғалды.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, қазір энтеревирустық инфекциялармен сырқаттанушылық жағдайы көбейіп тұр.
"2013 жылы республика бойынша 900 адам дәрігерлерге жүгініп, 264 адамда диагноз зертханалық жағдайда расталған. Сырқаттанушылық Атырау, Қостанай және Қызылорда облыстарынан басқа барлық өңірлерде тіркелген. Ал биыл 552 адам дәрігерге қаралып, олардың 154-інің диагнозы зертханада расталған. Ауру еліміздің 8 өңірінде (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Алматы мен Астана қалаларында) тіркелді " , - деп атап өтті Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, биылғы маусым-шілде айларында Астана қаласында зертханалық расталған энтеровирустық берішті менингиттің 80 жағдайы, Қарағанды облысында 49 жағдайы тіркелген.
"Агенттіктің аумақтық департаменттері энтеровирустық инфекцияның таралуының алдын алуға бағытталған профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыс жүргізуде", - дейді Ж. Бекшин.
Оның айтуынша, қоршаған орта объектілерін - ашық су қоймаларының, жүзу бассейндерінің, субұрқақтардың суын, ағынды суды мониторингілеу күшейтілді.
Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер ата-аналарға балаларын жеке гигиена ережелерін сақтауға, шомылудан бас тартуға, сапасы күмәнді суды ішпеуге, адамдар жаппай жиналатын жерлерге бармауға, суық тиюден сақтануға дағдылануға кеңес берді.