Маусымды «Шахтер» және «Ақтөбе» ашады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын ел футболының жаңа маусымын суперкубок матчымен ашу бізде де дәстүрге айналған. Биылғы маусымашар суперкубок матчы 9 наурыз күні өтеді.

Маусымды «Шахтер» және «Ақтөбе» ашады

Қазақстанда алғаш рет суперкубок ойыны 1995 жылы өткізілген. Онда 1994 жылғы ел чемпионы «Елімай» мен кубогымыздың иегері «Восток» кездескен. Шығысқазақстандық дербиде Семей клубы Өскемен футболшыларынан 2:0 есебімен өктем түскен.

Содан кейін біраз жыл суперкубок ойыны өтпей қалды. Тек 2008 жылы ғана қайта сабақталып, 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді, деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.

Биылғы суперкубок матчы тіптен қызық болмақ. Екі клубымыз да былтыр Еурокубокта көңілге қонымды өнер көрсеткен. Әсіресе «Шахтер» Еуропаны біраз шулатқан. Әрі екеуі де маусым аралығында құрамдарын екшеп, нығайтып жатыр. Бұл тұрғыда «Ақтөбенің» трансферлері көпшілікті алаңдатуда.

Астана Қарағандыға жақын. Сондықтан кеншілер клубы әдеттегідей өз жанкүйерлерін бірнеше автобуспен апара алады. Ал «Ақтөбенің» фанаттары - әуелден белсенді. Олар да қалмайды.

Қазақстан футбол федерациясы «шамамен Қарағандыдан 8 мыңдай, Ақтөбеден 4 мыңдай жанкүйер келуі керек» деп болжам жасап отыр. Әліптің артын тосайық. Әйтеуір қызықты ойын болары сөзсіз...

Ал бұл ойын 9 наурыз күні сағат 14:00-де елордамыздағы «Астана-Арена» стадионында өтеді. Айтпақшы, жанкүйерлердің есіне, кіру тегін көрінеді...