Маусымның соңына дейін Мәжіліске 6 заң жобасы енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев биылғы заң жобалау жұмыстарындағы негізгі статистиканы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл заң жобалау жұмыстары жоспарында 27 заң жобасын әзірлеу көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Қазіргі таңда 8 заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында, тағы 6 заң жобасы айдың соңына дейін енгізілетін болады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Азамат Есқараевтың айтуынша, бірінші жартыжылдықта Әділет министрлігі 30 мемлекеттік органмен бірлесіп, 260 заңға ревизия жүргізген.
Нәтижесінде заң деңгейінде регламенттелген мемлекеттік органдардың 4437 функциясының 2218-ін заңға тәуелді актілер деңгейіне ауыстыру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, Әділет министрлігі 22 іс бойынша мемлекет мүдделерін қорғау бойынша іс жүргізуде.
Бірқатар жекелеген істерде Қазақстанның пайдасына шешімдер бар.
Басқа сот істері бойынша талқылау жалғасып жатыр.