Майами мастерс турнирі: Бублик пен Шевченко жарыс жолын аяқтады

теннис
Фото: pixabay.com

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченко Майами мастерс турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.

Әлемнің 18-ракеткасы Александр Бублик рейтингіге сәйкес бірден екінші айналымнан бастағанына қарамастан, үмітті ақтай алмады.

Қазақстандық теннисші бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде әлемнің 38-ракеткасы, Италия өкілі Маттео Арнальдиге еш қайрат қыла алмай, 4:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалды.

Бубликке қарағанда, рейтингіде 58-орында тұрған Александр Шевченко әлемнің 9-ракеткасы, поляк Хуберт Хуркачқа қатты қарсылық көрсетті. Бірінші партияда Х.Хуркач 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде Шевченко қарымта қайырды – 7:6 (7:2). Тек үшінші, шешуші сетте Хуркач жеңісті еншілеп кетті – 6:3. Тартысты матч екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Бұл ойын барысында поляк теннисшісі 28 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қазақстандық спортшы 5 эйспен шектелді.

Осылайша, А.Бублик пен А.Шевченко жекелей сында жарыс жолын аяқтады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Хорватиядағы жарыстың финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар