Майами турнирі: Елена Рыбакина камбэкпен жартылай финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің жартылай финалына жолдама алды. 

Майами турнирі: Елена Рыбакина камбэкпен жартылай финалға шықты
Фото: ҰОК

Қазақстандық теннисші Майамидегі орталық кортта ширек финалда әлемнің 5-ракеткасы, америкалық, өткен жылғы финалист Джессика Пегуламен бетпе-бет келді.

Қарсыластардың осыған дейінгі кездесулерінде есеп 5:3, Рыбакинаның пайдасында еді.

Бұл жолы Пегула матчты сәтті бастады — 4:0. Осы басымдылықты сет біткенше сақтап қалды — 6:2.

Екіншісінде Елена 6:3 есебімен есе қайырды.

Шешуші, үшінші партияда қазақстандық спортшы 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчқа доп бергенде, мүлт кеткен жоқ — 6:4.

Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 15 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Пегула 7 эйс, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Е.Рыбакина Д. Пегуланы қатарынан бес рет жеңді.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-орындағы америкалық Хейли Баптистің қай жеңгенімен таласады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Майами турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің бесінші ракеткасын жеңе ала ма, осы туралы да хабарланды.

Соңғы жаңалықтар