Майамиде «Дүниежүзі аруы-2014» қатысушылары қазақша сайрап жүр (ФОТО, ВИДЕО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 қаңтар күні АҚШ-тың Майами қаласында өтетін «Дүниежүзі аруы-2014» байқауының қатысушылары Қазақстаннан барған Айдай Исаеваның көмегімен қазақша сайрап жүр.
None
None

Дәстүр бойынша, «Дүниежүзі аруы-2014» байқауының финалына үш апта қалғанда әлемнің түкпір-түкпірінен келген титулды сұлулардың бастары бірігеді. Қазір арулар қызу дайындық үстінде. Қайырымдылық жобаларға, фотосессияларға, ең үздік ұлттық костюм байқауына қатысып жатыр. Байқауды ұмытып, қыздар достасып та кеткен тәрізді. Олар дайындықтың арасында өз мемлекетінің мәдениетін, тарихын, дәстүрін түсіндіріп, әңгімеге ден қояды.

Біздің отандасымыз айналасындағы өзге мемлекеттерден келген қатысушыларды тіпті қазақша бір-екі сөз үйретіп, қазақ тілінің сабақтарын өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшаға салып тұрады.

«Қазақстан, сен мықтысың!», - дейді бір бейнеролигінде ұлттық байқаудан жеңімпаз болып келген өзге елдің өкілі. «Қазақстан, қалайсың?», - деп сауал тастайды кермаралдай сызылған «Аргентина аруы».

Айта кету керек, Айдай байқаудан тыс шараларға өте белсенді қатысып жүр. Кештердің бірінде ол ди-джей болды. Тіпті жергілікті полицияның құрамында жұмыс атқарып та көрді.

Естеріңізге сала кетейік, «Шымкент аруы-2008», «Алматы вице-аруы-2013» және «Қазақстан аруы-2013» атақтарына ие Айдай Исаева 25 қаңтарда Майамиде (АҚШ) өтетін ең беделді сұлулық байқауларының бірі «Дүниежүзі аруы-2014» додасына Қазақстанның атынан қатысады.

«ҚазАқпарат» агенттігі Айдайға сәттілік тілейді! Біздің сұлу аруымызды қолдайық!

Соңғы жаңалықтар