Майданға Семейден аттанған солдаттың сүйегі Эстониядан табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Эстонияда 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан, Қазақстанның Семей қаласынан кеткен Николай Сорокин атты қызыл әскердің сүйегі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылдың 22 сәуірінде Ида-Вирумаа уезінің Сиргала атты кентінде қазба жұмыстары жүргізіліп, 1944 жылы Эстонияны немістерден азат еткен кезде қаза тапқан, кеудесінде 811663 нөмірлі «Ерлігі үшін» медалі бар қызыл әскер солдатының сүйегі табылды. Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық мұрағаттан келген жауапта медаль 1912 жылы туған, Қазақ ССР Семей қаласының Октябрь әскери комитетінің бұйрығымен 1941 жылы 23 тамызда соғысқа шақырылған 124-ші атқыштар дивизиясының қатардағы әскері Сорокин Николай Федоровичқа тиесілі екені айтылған»,-деп хабарлады ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының баспасөз қызметі.
Соғыста қаза тапқан жауынгердің сүйегі 14 ақпан күні Астанаға жеткізіледі. Николай Сорокиннің бүкіл әскери атағы қайтарылған соң, ол туған жері Семейде жерленеді.