Майдангер Ғаббас Жұматов студент жастармен кездесті
АЛМАТЫ. 7 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Майдангерлер мен еңбек ардагерлері қазіргі жастарға үлкен үмітпен қарайды.
Бұл туралы бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазҰУ профессоры Ғаббас Жұматов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастарымен кездесу барысында айтты.
«Студенттер мен жастарға айтарым, сендер университетті бітіргеннен соң мүлде өзгеше ортада жұмысқа кірісесіңдер. Болашақ нарықтық экономика заманы, жоғары технологиялар мен интернет заманы. Күнде өзгеріп, дамып отырған өмірде өз орныңды таба білу де оңай емес. Біздің еліміздің қарқынды дамуына әлі де нағыз маман мен машықтанған кәсіпті меңгергендер тапшы. Әсіресе, экономика мен ғылым саласында, сол үшін көбірек оқып, үнемі жан-жақты ізденіс үстінде болып, білімді ұстаздардан сол білім нәрімен сусындауға асығып, жақсы білім алуға тырысыңдар. Қазақстанның болашағы сіздерге аманат. Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері сендермен мақтан тұтатындай болуларың керек»,- деді ардагер.
Ғаббас Жұматов - Брест қамалының оңтүстік бекінісін қорғаушылардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Ғаббас Жұматовқа «Отан соғысының бірінші дәрежелі» ордені екі рет, «Отан соғысының екінші дәрежелі» ордені және «Қызыл жұлдыз» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Будапешті азат еткені үшін» медальдары берілген.
1939 жылдың соңы 1941 жылдың басында әскер қатарына шақырылғандар ішінде Ғаббас Жұматов та болады.
1942 жылы желтоқсанда Томск қаласына, артиллерия училищесінің жеделдетіп оқыту курсына жіберіледі, оқуды аяқтағаннан кейін Оңтүстік майданнан (І, ІІ, ІІІ Украина майданы) Қызылтулы 5-ші Дон қазактары кавалерия корпусына жолдама алады. Осы корпустың танкіге қарсы 150-ші атқыштар артиллерия полкының құрамында жерлес лейтенант К.Галиуллинмен бірге - Украина шайқасына, Корсунь-Шевченко және Ясско-Кишиновскіде фашистердің ірі тобын жоюға, Румыния, Югославия, Венгрия, Австрияның бірнеше аудандарын жаудан азат етуге қатысады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде 6-қызыл тулы атқыштар дивизиясының 204-гаубицалық артиллерия полкында болды.
1944 жылы 20-26-сы күндері 70-армия қиян-кескі шабуыл жасап, Брест қаласы мен Брест қамалын фашистерден азат етті. Ғаббас Жұматов 70-ші армияға қарасты 14-ші атқыштар дивизиясының 226-шы артиллерия полкында зеңбірек командирі болды. Ұлы Отан соғысынан соңғы уақытын ғылым, білім саласына арнады.