Майданнан оралмаған қазақстандықтар: Ахмаджан Мадыбековтың аты бауырластар зиратында жазылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Майданнан оралмаған қазақстандық сарбаз Ахмаджан Мадыбековтың аты Ресейдің Хвастовичи ауылындағы бауырластар зиратының көк тасында жазылған.
Өзінің майдангер туысқанының тағдыры туралы Жанар Жексенова айтып берді.
Ахмаджан Мадыбеков Жанардың әжесі Кәмиләнің туған жездесі болып келеді. Кәмилә апаның көзі тірі, ол 90 жасқа таяп қалды.
Қарияның әңгімесінен белгілі болғандай, Ахмаджан 1912 жылы Алматы облысы Бидаш ауылында дүниеге келген. 1941 жылы соғысқа аттанып, содан қайтып оралмады.
«Соғысқа дейін Ахмаджан кеңшарда есепші болып қызмет атқарған. Майданнан үнемі сағынышқа толы хат жазып тұрған. Оның ішінде балдызы - менің әжеме де:
«Қымбатты бағалы едің ақсұңқардай.
Аңқыған жүрген жолың бір бұлттанбай.
Томпиып ақыл ойды көп ойлауш ең,
икемді бол, қоғамшыл бол, қарап тұрмай.
Лебізің сары алтыннан болады артық.
Ақылың жаман-жақсы жүрген жолдай», деп өлеңдетіп хат жіберетін», - деді Ж.Жексенова.
Кәмилә әженің айтуынша, атаның жіберген хаттарын сақтау мүмкін болмай қалған.
-Оның барлығы көрші келіншек алып, газетке жариялаймын деп жоғалтты, - дейді ол.
Кәмилә әженің өзі соғыс басталған жылы 14 жаста болған екен.
«Еңбекпенен ерте есейдік. Тылда қалғанның барлығы тайлы-тұяғы қалмай еңбек ететін, бидай ектік. Әр жыл сайын әр түтіннен 40 келі ет, 90 жұмыртқа, 2 ұсақ мал терісін, сүт өткізу керек болатын. Осының бәрін орындадық. Өзіміз аш болсақ та», - деді қария.
«Мен ол кісі туралы деректерді Ресейдің «Мемориал» мәліметтер банкінен іздедім. Онда «1943 жылы 19 шілдеде Орлов облысында Хвастовичский ауданы Теребень ауылында өлген деген дерек шықты. Тіпті әйелі Зағира деген де ақпарат бар екен. Одан кейін аталған ауданның басшылығына хат жаздым. А.Мадыбековтың атын тасқа жазсыншы деп. Өз кезегінде олар «Мемориал» банкіне запрос жіберді. 1 ай өтпестен тас тұғырда «Мадыбеков Ахмаджан» деген жазуы бар сурет келіпті. Көзіме жас алдым. Теребень ауылының әкімшілігіне мың алғыс. Ауыл мектебінде Ахмаджанның суреті ілініп тұр екен», - деді Ж.Жексенова.