Мәйіттер сараптамада, жаназалары туралы ештеңе айта алмаймыз - Алматы облысында өлтірілген азаматтардың туыстары

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Бауырларымыздың мәйтін әлі алғанымыз жоқ, - дейді Ұзынағаш ауылында мал сатып, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен жігіттердің туысқаны Тұрсын Әлімхан «ҚазАқпарат» тілшісіне.  

Мәйіттер сараптамада, жаназалары туралы ештеңе айта алмаймыз - Алматы облысында өлтірілген азаматтардың туыстары

«Мәйіттерді сараптамаға алып кеткен. Әлі берген жоқ. Жаназалары туралы ештеңе айта алмаймыз. Ұсталғандардың аты-жөнін бізге әлі айтқан жоқ»,  - дейді кісі қолынан мерт болған Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбектің ағайыны Тұрсын Әлімхан.

Еске сала кетейік, Алматы облысы Жамбыл ауданында өткен жексенбіде мал саудасымен айналысып жүрген үш жігіттің жоғалып кеткені туралы БАҚ-та хабарланған болатын.

Марқұмдардың туысқандарының айтуынша, Долданұлы Жарқынбек (1979 жылы туған), Зарлыханұлы Мұқият (1973 жылы туған), Әлімхан Қадылбек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алған 40 бас малды екі жүк көлігімен 17 қыркүйек күні Ұзынағаш базарына шығарған. Содан кейін олар із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен із-түссіз жоғалған үш ағайындының өліміне күдіктілер ұсталғаны хабарланған болатын.  

«Облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары подполковник Нұрлан Мәсімов басшылық еткен іздеу шараларына аудандық және аймақтық полицейлер де жұмылдырылды. Жоғалғандарды өлтірді деген күдікпен Жамбыл ауданының екі азаматы ұсталды. Жәбірленушілердің денелері табылды. ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлімі бойынша (Кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.

Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары Алматы облыстық Ішкі істер департаменті басшылығының қатаң назарында.