Майк Пенс АҚШ президенттігіне үміткер болатынын жариялады
Республикалық партияның саясаткері президенттік сайлау науқанына қатысу туралы мәлімдемені Айова штатындағы Де-Мойн қаласында болған кезде жасады. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынумен қатар, басқа кандидаттарды, соның ішінде бұрынғы президент Д.Трампты сынға алды.
М.Пенс өз сөзінде Америка халқымен бірге ұлтты және шекараны қорғайтынын, Америка экономикасын жандандырып, бюджетті теңестіретінін, түсік жасатуға шектеулерді, діни бостандық принциптерін және федералды үкіметтің қысқаруын қолдайтынын атап өтті.
Сонымен бірге, саясаткер Д.Трамп «ешқашан» қайта АҚШ президенті бола алмайды деп болжады. Атап айтқанда, ол экс-президент есімін нақты атамай, Конституцияны елемейтін немесе өзін одан жоғары қоятын «кез келген адам» ешқашан президент болмауы керек деді.
Сарапшылардың пікірінше, Майк Пенс – нағыз консерватор және тамаша мемлекеттік қызметкер. Бірақ Д.Трамппен бәсекеге түсіп жатқаны үшін оны республикашылар арасында ешкім айтарлықтай қолдау көрсетіп жатқан жоқ. Жекелеген бағалау бойынша, оны республикашылардың тек 18% -ы ғана қолдайды.
Қазір М.Пенс пен Д.Трамптың Республикалық партиядан негізгі қарсыластары: АҚШ-тың Нью-Джерси штатының бұрынғы губернаторы Крис Кристи, Флорида губернаторы Рон Десантис, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы Елшісі Никки Хейли, Арканзас штатының бұрынғы губернаторы Аса Хатчинсон, Үндістаннан шыққан кәсіпкер Вивек Рамасвами және сенатор Тим Скотт.