«Майк Тайсон мешітте намаз оқыды» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында ЕҚЫҰ-ның Төзімділік және кемсітушілікке қарсылық тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі конференциясы болды. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Төзімділік - өркениеттің өріндегі қасиет» деген тақырыппен беріліпті. «Конференция жұмысын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде Қазақстанның ұйым елдері шеңберіндегі белсенді істерін айтып өтті. Соның ішінде әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға арналған бастамаларын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерін өткізгенін, 29 тамызды Ядролық қарудан бүкіләлемдік бас тарту күні етіп жариялауға, 2010 жылды Мәдениеттер жақындастығы жылы деп атауға қол жеткізгенін айтты. Бүгінгі конференция да Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолындағы сол белсенді әрекеттерінің қатарында деп біліңіздер, деді ол. Бұдан кейін сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді»,- дейді басылым.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқуға болады.
Көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұловтың «Ел мен Жер» романы қолжазбасының толық нұсқасы табылды. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Тәкең жұмбақтары» атты мақаладан оқи аласыздар.
Неміс әдебиетінің белді өкілі, новелла жанрының шебері, ақын, драматург В. Борхерт адамзатқа фашизм әкелген ауыр зардапты өткір әшкерелеген гуманист-жазушы. Биылғы Германияның Қазақстандағы жылына орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны қаламгердің «Соғыс суреттері» деген тақырыпқа топтасқан бірнеше әңгімелерін белгілі жазушы Шәрбану Бейсенованың аударуымен оқырман назарына ұсыныпты.
Сондай-ақ аталған басылымның бүгінгі санында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Мінажат» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада 2004 жылы Елбасының Сауд Арабиясына барған сапарының рухани құндылықтары туралы сөз болады.
***
Бір кездері бар әлемді аузына қаратып, кәсіпқой бокстан жүлде атаулының бәрін ұтқан Майк Тайсон елордамыздағы «Нұр Астана» мешітіне намаз оқуға келді. Бұл туралы толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Майк Тайсон мешітте намаз оқыды» атты мақаладан оқи аласыздар. «Әдеттегідей БАҚ-ты шулатып, елден ерек іс-әрекет жасап жүрген М.Тайсон бұл жолы өте салмақты күйде, шын мұсылманға тән мінез-құлық таныта білді»,- деп жазды басылым.
«Төрткүл дүниені дүбірлеткен кино мерекесі - «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалі басталды. «Аты дардай, заты қандай» деген жұртшылық кинофестивальдің ашылу салтанатын асыға тосқан сыңайлы. Қызыл кілемнің үстіндегі шеруді шыдамсыздана күткендердің қолындағы фотоаппараттардың сыртылы соның дәлелі»,-деп жазған «Айқын» газетіндегі келесі мақала «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалін арқау еткен. Қызыл кілемдегі шерудің қызығын толығырақ аталмыш басылымдағы «Кино мерекесі - Астанада» атты мақаладан оқыңыздар.
Қазақтың түпсіз күй мұхитына соңғы жылдары Қытай қазақтарының күй мұралары қосылып, халқымыздың асыл мұрасы арнасын бұрынғыдан да кеңейтті. «Айқын» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Шығыстың шырайлы күйлері» атты мақала Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында өткен ғасырларда өмір сүрген алтын бармақ күйшілер жайында және Шығыстағы осы дәстүрлі күй мектебін жалғастырып жүрген бүгінгі дәулескер күйшілердің бірі - Мұқаш Таңғытұлы туралы сөз қозғапты.
***
Бүгінде бәсекелестік бағындырмаған белес қалмады. «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Ат орнына - автокөлік, көрімдік орнына - депозит» атты мақала қоғамдағы осы келеңсіздікті ортаға салыпты. «Қазақтың беташары да, қыз ұзатуы да, құда шақыруы да, ақыр аяғы шілдехана жасауы да - қып-қызыл бәсеке. Шамасы келсін-келмесін қарызданып, қауғаланып той жасайды. Тіпті несие алып, келін түсіріп жатқандар да бар. Бәсекенің бармаған жері бәсіре ме деп жүр едік. Енді оған да кезек келген сыңайлы»,- деп жазды басылым.
«Саяси бетбұрыс бақыт әкеле ме?» Осы тақырыппен жарық көрген «Алаш айнасы» газетіндегі келесі мақала Қырғызстандағы саяси жағдайға назар аударыпты. «Қырғыз елі аймақтағы тұңғыш парламенттік елге айналды. Қырғыз елі күшті парламент, әлсіз президенттік жүйеге өз таңдауын жасап отыр. Кеше Қырғыз орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ақылбек Сариев Қырғызстан азаматтарының басым бөлігінің елді парламенттік басқару жүйесіне жетелейтін жаңа конституцияны қолдап, дауыс бергенін мәлімдеді»,- дейді басылым.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі "дат!" айдарында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев сұхбат беріп, еліміздің ғарыш саласына қатысты өзекті мәселелермен бөлісіпті.