Майқайың кенішінде апаттан пайда болған ойық қалай жойылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Майқайыңалтын» АҚ-ға қарасты жерасты кенішінде төрт құтқарушының өмірін жалмаған алып шұңқырды толтыру жұмыстары 2026 жылға дейін жалғасады.

Естеріңізде болса, 2024 жылдың 4 қаңтарында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайыңалтын» АҚ шахтасының жанында топырақ опырылып, салдарынан ішінде 4 құтқарушы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Алғашқы күні екі құтқарушының денесі бірден табылып, жоғарыға шығарылған. Алайда өзге екі құтқарушының мүрделері ұзақ уақыт ізделіп, ақыр соңында автобуспен бірге қазып алынғаны мәлім.


Кәсіпорынның бас директоры Даниал Нәбиевтің айтуынша, «Майқайыңалтын» АҚ-ның инвесторы ауысқан сәттен басшылық апаттық ойықты толтыруға шешім қабылдаған.


— Бұл жерде жер астындағы бос кеңістікке түсіп кеткен топырақ массасы аса көп көлемде. Аумақ шахта жанында болғандықтан біздің қызметкерлеріміздің қауіпсіздігіне де нұқсан келтіреді. Қазіргі уақытта шахтадан шыққан пайдасыз жер жыныстары жүк көліктеріне тиеліп, шұңқыр маңайына төгіліп жатыр. Оны үлкен бульдозерлер ойыққа итеріп түсіреді. Ойықты толтыру және тегістеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған, - дейді Даниал Нәбиев.



Алтын кәсіпорны бүгінде кенді аталған кеніштен және фабрика жанында жылдар бойы үйіліп қалған қалдықтан алып жатыр. 2014 жылы тоқтап қалған «Алпыс» кенішін қайтадан іске қосу жұмыстары қолға алынған.

Еске сала кетейік, «Майқайыңалтынға» жаңа басшы тағайындалды.
Жаңа инвестор — «Алтыналмас» компаниясы Майқайың халқының өзекті мәселелерін шешуге ынталы.