Майкл Джексонның дәрігері мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Майкл Джексонды абайсызда өлтіріп, төрт жылға сотталған дәрігер Конрад Мюррей мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Утро.ру.
CNN хабарлауынша, Мюррей Лос-Анджелес округының түрмесінде екі жылдай отырды. Ол түрмеден екі-ақ рет: бір рет ауруханаға, және бір рет - сотқа шығарылған. Оны үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босатуға шешім қабылданды.
Поп-музыка королі Майкл Джексон 2009 жылы 25 маусымда өзінің Лос-Анджелестегі үйінде 51 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Полиция анықтағандай, өлер алдында ол ұйықтататын күшті дәрі қабылдаған.
2011 жылы қаңтарда әншінің жеке дәрігері Конрад Мюррейге абайсызда өлтіргені үшін айып тағылған, ал қараша айында ол төрт жылға сотталды.
Бас бостандығынан айырумен қатар, сот дәрігерге Джексонның балаларына өтемақы төлеуді тағайындады. Оның мөлшері жұлдызды жерлеуге кеткен шығын - $1,8 млн. доллар және келісімшарт бойынша Джексонға өткізілмей қалған 50 концерті үшін төленуі тиіс болған 100 млн. доллар көлемінде бағалануда. Сонымен қатар, Мюррей медициналық лицензиясынан айырылды.