Майкл Джорданның кроссовкасы рекордтық 2,2 млн долларға сатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аты аңызға айналған баскетболшы Майкл Джорданның кроссовкасы рекордтық 2,2 млн долларға сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.
Air Jordan 13 кроссовкасы Майкл Джорданның бұрын-соңды аукционға шығарылған ең қымбат заттарының бірі болды. Sotheby’s аукцион үйі оны 2 миллионнан 4 миллион долларға дейін бағалады.
Аталған саудадан кейін Джордан ең қымбат спортшы атағында қалып отыр. Оның 1998 жылы ҰБА финалында киген майкасы былтыр 10,1 млн долларға сатылған болатын.
2021 жылы Джордан киген Nike Air Ships кроссовкасы аукционда 1,47 млн долларға сатылған еді.
Ал сейсенбі күні сатылған Air Jordan 13-ті баскетбол жұлдызы 1997/98 жылғы маусымда «Чикаго Буллз»-бен өткізген соңғы чемпионатында киген. Sotheby's аукцион үйінің хабарлауынша, Джордан бұл кроссовканы жоғалған күртешесін тауып берген доп беруші қызметкерге киіну бөлмесінде сыйға тартқан.