Майкрософт Internet Explorer браузерінен бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Майкрософт компаниясы Internet Explorer брендін әрі қарай дамытудан бас тартты, деп хабарлайды TheVillage. Бұл туралы компанияның маркетинг бөлімінің басшысы Крис Капоссел АҚШ-тағы Convergence конференциясы барысында мәлім еткен.

Майкрософт Internet Explorer браузерінен бас тартты

2015 жылы жазда ресми түрде іске қосылатын Windows 10 операциялық жүйесіндегі негізгі орынды Project Spartan кодтық атауына ие жаңа браузер алмақ. Оның ресми атауы әлі ойластырылып жатыр. Сырттай қарағанда ол Google Chrome-ға ұқсайды, ал жылдамдығы жағынан Internet Explorer-ден бірнеше есе артық болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, Internet Explorer браузері Windows операциялық жүйесінде алғаш рет 1995 жылы пайда болған еді. Ол қазіргі ғаламтор пайдаланушылары арасында Chrome браузерінен кейін кеңінен танымалдылыққа ие. Алайда, сарапшылар оның баяғыдан-ақ жаңартуды қажет ететінін айтып келген еді.