18:22, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Майкрософт корпорациясының вице-президенті Орландо Аяла ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қабылдауында болады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Майкрософт корпорациясының вице-президенті Орландо Аяла қаңтардың 27-сі күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен кездеспек,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Майкрософтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Орланда Аяланың бұл сапардағы басты мақсаты - Microsoft пен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту. «Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ел экономикасын тұрақтандыру үдерісіне ақпараттық технологияларды дамыту арқылы ықпалдасуға, маңызды жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға біз әзірміз. Экономиканың дамуы баяулап, төмендей бастаған қазіргі кезде мемлекеттік сектор мен бизнес құрылымдарымен стратегиялық әріптестікті дамытуға мүдделіміз», деді Орландо Аяла. Сол себепті ол Премьер-Министрмен болатын бұл кездесуінде - ірі мемлекеттік нысандарда өнімділік пен тиімділікті арттырып, операциялық шығындарды азайту үшін ақпараттық технологиялық инфрақұрылымды оңтайландыру, ел экономикасын тұрақтандырып, одан әрі өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы ақпараттық технологиялардың ролі, сондай-ақ ақпараттық технология индустриясы саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мен жалпы білім жүйесін қолдау мәселелері жөнінде пікір алмаспақ.