Маймыл шешегіне күдік: Санкт-Петербургте бес адам ауруханаға жатқызылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Санкт-Петербург қаласында маймыл шешегін жұқтырды деген күдікпен бес адам ауруханаға жеткізілді. Науқастардың жағдайы жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.
Роспотребнадзордың Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысы бойынша өңіраралық басқармасының мәліметінше, маймыл шешегін жұқтыруы мүмкін деген жағдай туралы ақпарат түскеннен кейін мамандар санитариялық-эпидемиологиялық тексеруді бастаған.
Қазіргі уақытта бес адам ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау комитеті науқастардың Боткин атындағы инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатқанын нақтылады.
— Олар Боткин атындағы ауруханада жатыр. Жағдайлары жеңіл және орташа ауырлық дәрежесінде. Эпидемиологиялық тексеруді Роспотребнадзор жүргізіп жатыр, — деп хабарлады комитет өкілдері.
Қазір мамандар ауруханаға жатқызылған адамдармен байланыста болған азаматтардың барлығын анықтап жатыр. Сонымен қатар дезинфекция жүргізу туралы нұсқама беріліп, инфекцияның таралуына жол бермеуге бағытталған эпидемияға қарсы шаралар кешені ұйымдастырылған.
Роспотребнадзор өкілдерінің айтуынша, маймыл шешегінің вирусын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тест-жүйелер әзірленіп, тіркеуден өткен.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Таиландтан оралған екі ресейліктен маймыл шешегі анықталған болатын.
Еске сала кетейік, Иркутск облысында обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері қайтыс болғаннан кейін эпидемиологиялық тексеру басталған болатын.