Маймыл шешегінің коронавирус секілді өршіп кетуі мүмкін бе

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлем коронавирус пандемиясынан толық айықпай жатып, тағы бір індетке шалдықты. Өткен ғасырдың соңында Африкада пайда болған «маймыл шешегі» ауруы бүгінде әлемнің 16 еліне таралып үлгерді. Қазірдің өзінде 250-ден астам адам жұқтырған. Бұл мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Жалпы маймыл шешегі ауруы қалай таралады, белгілері қандай, қаншалықты қауіпті болуы мүмкін, сонымен қоса әлемдегі эпидемиологиялық жағдай туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Маймыл шешегінің коронавирус секілді өршіп кетуі мүмкін бе

Маймыл шешегі 16 елде табылды

Қазір әлемде маймылдан адамға шешек ауруы жұғып жатыр. Бұл вирустың COVID-19-дан айырмашылығы адамға ауа арқылы берілмейді. Мамырдың бірінші жартысында осы ауру таралуының дәстүрлі ошақтарынан алыс елдерде маймыл шешегі анықталды деген мәліметтер түсе бастады. Бірінші жағдай 7 мамырда Ұлыбританияда анықталған. Ауру небәрі 10 күнде АҚШ, Канада, Аустралия және Еуропаның бірқатар еліне таралған. Төмендегі диаграммада аурудың жұғу жылдамдығы көрсетілген


Шешек ауруы қалай жұғады?

Маймыл шешегі - сирек кездесетін вирустық зооноздық ауру (яғни адамға жануарлардан беріледі). Оны жұқтырған адамда бұрын шешекпен ауыратын науқастардағы симптомға ұқсас белгілер байқалады. 1980 жылы шешек жойылғаннан кейін және вариола вакциналарын қолдану тоқтатылғаннан соң маймыл шешегі басқа ортопоксвирустар арасында адамдар үшін ең патогенді орынға шықты. Маймыл шешегі ауруы әлі күнге дейін Африканың тропикалық орманы көп аймақтарында кездеседі.

Ауру көп жағдайда қан арқылы, денеден бөлінетін сұйықтықтар (тер, қан, түкірік) және ауру жануардың зақымдалған терісі немесе шырышты қабаттары арқылы беріледі. Яғни, науқас адамның түкірігі мен сілекейі екінші адамның ішіне түссе, ауру жұқтырады. Алайда маймыл шешегін жұқтырудың ең басты себебі - ауру жануардың етін жеу. Ауру жұқтыру жиілігі жағынан екінші орында - тыныс алу жолдары арқылы. Тіпті науқас қолданған ыдыс-аяғы, киімі, ұстаған заттары мен төсек-орнынан да жұғуы мүмкін. Вирус көбіне иммунитеті төмен адамдар мен балаларға жұғады. Маймыл шешегінің инкубациялық кезеңі әдетте 6 күннен 16 күнге дейін, сирек жағдайда 21 күнге дейін жетуі мүмкін. Ауру жедел әрі кенеттен басталады. Ең алдымен дене температурасы жоғарылайды. Аурудың негізгі белгілері дене температурасы, қалтырау, бас ауру, әлсіздік, бөрту.

Науқастар тыныс алу органдарында тұмауға ұқсас белгілер болғанын жиі айтады. Бөртпелер көбіне қай жерде орналасса да өте ауыр деп сипатталады.

20 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маймыл шешегінің өршуін талқылау үшін сарапшылардың төтенше жиналысын шақыруға шешім қабылдады. Кездесуде аурудың таралуына қарсы күрес шаралары, сондай-ақ вакциналау мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда әлемнің 16 елінде 250-ден астам адам бұл ауруды жұқтырған. Еуропада вирусты ең көп жұқтырғандар Ұлыбританияда тіркелген.


Сонымен қатар Испания, АҚШ пен Германия маймыл шешегі ауруына қарсы вакцина сатып алуға дайын. Әзірге вирусқа қарсы мақұлданған арнайы екпе жоқ. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің коронавирус инфекциясы сияқты өршіп кетуі мүмкін емес екенін айтады.

Бельгия маймыл шешегіне байланысты карантин енгізді

Бельгияда маймыл шешегінің 3 жағдайы тіркелгеннен кейін елдің денсаулық сақтау органы 21 күндік карантин енгізді. Бұл шешімді Бельгия үкіметі 22 мамыр күні кешке қабылдады.

Бұл ауруды жұқтырған науқастар 3 апта бойы өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр. Науқастармен байланыста болған адамдар әлі оқшауланған жоқ, бірақ оларға ауру белгісі байқалғанда дереу хабар беру жөнінде ескертілді.

Айта кетейік, Қазақстанда маймыл шешегін жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Алайда қазақстандық ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын екенін жеткізді. Олардың айтуынша, маймыл шешегіне қарсы отандық вакцина жасап шығаруға жарты жылдай уақыт кетеді.

Коронавирус жұқтырғандар саны 530 миллионнан асты

Коронавирус жұқтырғандар саны 20 миллионнан асқан мемлекеттер арасында алғашқы үштікте АҚШ, Үндістан және Бразилия елдері тұр. Ал ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша АҚШ бірінші орында. Онда COVID-19 жұқтырғандар саны 85 миллионға жетсе, қайтыс болғандар саны 10 миллион адамды құрап отыр. Үндістан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша екінші орында тұр, мұнда COVID-19 анықталған жағдайларының саны 43 миллионнан асқан, ал вирусты жұқтыру салдарынан қайтыс болғандар саны 524 539-ға жеткен. Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша үшінші орында Бразилия, онда 31 миллонға жуық адам вирус жұқтырған, оның 666 248-і қайтыс болған.

Өткен аптада 3,7 миллионнан астам жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптаға қарағанда 3% - ға аз. Апта сайынғы жаңа өлім-жітім саны да төмендеуде, 9000-нан астам адам қайтыс болды, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 11%-ға азайған.

Әлемдегі ең маңызды оқиғалар статистикасы Worldometers порталының 27 мамырдағы мәліметі бойынша, әлемнің 1 млн тұрғынына шаққанда өлім-жітім коэффициенті 809,2 құрап отыр. АҚШ-та 1 млн тұрғынға шаққанда - 3 080 адам, Үндістанда - 373, Бразилияда - 3 093, Францияда - 2 259, Германияда - 1 650, Ұлыбританияда - 2 601 адам қайтыс болды.


Италияда коронавирус жұқтырғандар саны азайған

Италияда коронавирус жұқтырғандардың саны 29,6%-ға азайған. Бұл ел коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимін 2020 жылдың наурызында жариялап, 2022 жылы наурызда тоқтатты. Жабық қоғамдық орындарда «маска тағу» режимінен басқа шектеулердің бәрі алынып тасталды. Эпидемия кезінде вирус жұқтырғандардың жалпы саны ел халқының шамамен 25%-ын, яғни 17 миллион адамды құраған. Оның ішінде 166 мыңнан астам адам қайтыс болған. Қазіргі таңда азаматтардың 84%-дан астамы коронавирусқа қарсы вакцинамен егілген.

Сондай-ақ ауруханаға жатқызылған, реанимация палаталарына орналастырылған адамдар саны едәуір азайған.

Солтүстік Кореяда керісінше коронавирус жұқтырғандар саны артты

Солтүстік Кореяда коронавирус инфекциясы 100 мыңнан астам адамнан анықталған. Науқастардың барлығының дене қызуы көтеріліп, жайсыз сезінген. Жалпы елде вирус жұқтырған тұрғындар саны 3 млн 170 мыңға жетіп отыр. 68 адам қайтыс болған. Солтүстік Кореяда коронавирус мамырдың ортасында белең алды. Сол кезде үкімет індеттің тарауын тоқтату үшін қатаң шаралар қабылдап, локдаун енгізді.

Жапония шетелдік туристерді маусым айынан бастап қабылдайды

Жапония билігі 10 маусымнан бастап елге шетелдік туристерді қайта қабылдауды бастау туралы шешім шығарды. Бұл туралы бейсенбіде журналистерге Жапония премьер-министрі Фумио Кисида хабарлады.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде бұл топтық туристік турларға қатысты. Мамыр айының аяғынан бастап Жапония мемлекеті Аустралия, Сингапур, АҚШ және Таиландтан келген шағын туристік топтарды тестік режимде қабылдай бастады. Жапония 2020 жылғы 28 желтоқсанда коронавирустың таралуына байланысты әлемнің барлық мемлекеттері мен аймақтарының азаматтарына жаңа виза беруге тыйым салған еді. Сонымен қатар Жапонияда тұрақты тұратын және ұзақмерзімді визасы бар шетелдіктер мен дипломаттар кіре алады. Жапонияда тұратын шетелдіктердің туыстарына «ерекше жағдайда» ғана кіруге рұқсат етілуі мүмкін.

Германия елге кіру үшін коронавирус шектеулерін жеңілдетті

1 маусымнан бастап Германияға баратын азаматтардан вакциналау туралы куәлік, COVID-19 жұқтырмағаны туралы анықтама немесе коронавирусқа қарсы тест тапсыру талап етілмейді. Үкіметтің шешіміне сәйкес, бұл құжат 1 маусымнан 31 тамызға дейін күшінде болады. Билік пандемияның жаңа толқыны басталса, күзде тағы да шектеулер енгізуі мүмкін екендігін жеткізді.

Қытайда коронавирус жұқтыру қарқыны төмендеді

Қытайда коронавирустың өршуі наурыз айынан бері ең төменгі деңгейге жетті. Бейсенбіде коронавирус инфекциясының 590 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл 6 наурыздан бастап тіркелген ең төменгі деңгей.

Ресми деректер бойынша, аурудың айқын симптомдары бар науқастардың жалпы саны 3 699 адамды құрайды, оның ішінде 187 адамда аурудың ауыр жағдайы байқалады. Вирус жұқтырғандардың 97%-ы коронавирусты ел ішінде жұқтырған, қалған 3%-ы шетелден жұқтырып келген. Сондай-ақ Қытайда қарт адамдардың 82%-дан астамы толықтай вакциналанған.

Казақстанда коронавирус бойынша жағдай қалыпты деңгейде

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың жалпы саны 1 305 732 құрайды. Өткен тәулікте елімізде инфекция жұқтырған 9 жағдай тіркелді. Елімізде 9,5 млн астам адам коронавирусқа қарсы екпе алды.

Венера Жоламанқызы