Майнинг фермалардың нақты орналасқан жері әлі анық емес –Энергетика вице-министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика вице-министр Жандос Нұрмағанбетов Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында майнингке салынатын салықты көтеру мәселесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Майнинг фермалардың нақты орналасқан жері әлі анық емес –Энергетика вице-министрі

«Қазір майнинг бойынша ведомствоаралық топ жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде майнингті Энергетика министрлігі емес, Цифрлық даму министрлігі реттейтінін түсіну керек. Олар электр қуатын тұтынады ғой. Ал электрмен жабдықтау, тапшылыққа жауап беру біздің міндет болғандықтан ведомствоаралық топ құрамында жұмыс істеп жатырмыз.

Онымен бірге майнингке салық салу мәселесі бар. Қазір майнингке салынатын салықты көбейту туралы ұсыныс түсті. Егер біз салықты көтерсек, майнингтің шығынсыз жұмыс істеуіне қандай шек керектігін түсіну керек. Майнинг деген табысы жоғары кәсіп екендігі де айтылып жүр. Қысқа уақыттың ішінде үлкен айналымға шықты», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуына қарағанда, энергетика саласында қандай да бір нысан салу үшін түсетін жүктемені жоспарлап отыру керек.

«Майнингтің, соның ішінде көлеңкелі майнингтің жүктемесі елдегі энергетика жүйесінің жоспарында болмаған. Қытай тыйым қойып еді, бәрі бізге келді. Біз тіпті олардың нақты қайда орналасқанын соңына дейін түсініп отырған жоқпыз. Проблеманың бәрі осында. Сондықтан таразылап шешім шығару маңызды», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол елде тіркелген майнинг фермалардың 700 МВт энергия тұтынып отырғанын айтты. Оларға көлеңкедегі майнерлерді қосса, бұл шығын 1000 МВт-тың айналасында болуы мүмкін деген болжам да келтірді.