11:05, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Майра Ілиясова «Жан анам» авторлық кешінде тағы бір қайырымдылық шарасын жасады
АЛМАТЫ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері әнші Майра Ілиясова кеше Алматыда өткен «Жан анам» деп аталатын авторлық кешінде тағы бір қайырымдылық шарасын жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қыз-келіншектер мен ақ жаулықты әжелердің асыға күтетін бұл концерті биыл бесінші рет өтті. Онда мүгедектіктен өмірден баз кеше бастаған жастарға биыл үшінші рет қайырымдылық көмек жасалып отыр. «Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы Бибігүл Дәулетбекқызының «Аялы алақан» деген хабарын көрдім. Ондағы Қуандықтың аянышты жағдайын көргенде жаным жабырқап, неге қайырымдылық шарасын өткізбеске деген ой туған. Қыс кезінде ес-түссіз далада жатып қалған Қуандықтың қол аяғы үсіп, дәрігерлер қолының саусағын кесіп тастауға мәжбүр болған еді. «Аялы алақан» бағдарламасы мен «Жан анам» концертін көрген көрермендер мен «Майра» продюсерлік орталығының көмегінен кейін Қуандықтың емделуіне қажетті қаражат жиналды. Соның арқасында Қуандықтың өмірге деген құлшынысы қайта оянып, көлік алып, жақында өмірлік жарын тапты», дейді Майра Әлімғазықызы. «Майра» продюсерлік орталығы жетекшісінің айтуынша, алайда өткен жылғы концерттен және «Аялы алақанды» көрген көрерменнен қажетті 50 мың доллар жиналғанына қарамастан Әселдің өмірін сақтай алмадық. Үрімші қаласында жатқан екі бүйрегі семген кішкентай қыз 2,5 жылдай бүйрек күтті. Бірақ донор табылмағандықтан және ұзақ күткендіктен денсаулығы көтермей 2 ай бұрын өмірден озған. Дегенмен өмір жалғасады. Енді Майра Ілиясова тәуелсіздікпен түйдей құрдас Мақсат Қапановтың тағдырына арашашы болуда. Семей полигонының зардаптарынан кейін дүниеге келген Мақсаттың бауыры, бүйрегі, асқазанында ісік бар. Дәрігерлердің айтуынша, түнді ұйқысыз өткізетін жас жігіттің жүрегінен басқа органдарының бәрі дімкәс. Оны жарық дүниемен жалғап тұрған осы жүрегі ғана. Дегенмен мамандар оның ағзасын әлі де емдеп қуаттандыруға болады дейді. Бірақ оған мол қаражат керек. Денсаулығына дауа табылар деп баласын алып Алматыға көшіп келген Достық апаның қазіргі таңда Орталық мешіттің алдына барып қайырымды адамдардан алған садақасы мүгедек баланың күнделікті дәрі-дәрмегіне ғана жұмсалуда.