Майра Мұхамедқызы жеке концертін Наурыз мерекесіне арнайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 наурыз күні «Астана Опера» театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, П. Чайковский атындағы ХI халықаралық байқаудың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызының «Шырқар әнім - Астана көктемі» атты жеке концерті өтеді.
Театрдың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Наурызға арналған концерт «Астана Опера» театрының балет әртістері, симфониялық оркестрі мен хорының қатысуымен өтеді.
Концертті жүргізушілер - Дана Нұржігіт, Евгений Чайников.
Бағдарламаның бірінші бөлімінде - Дж. Верди, Ж. Массне, Г. Доницетти, С. Франк, И. Кальман, Ж. Оффенбахтың классикалық опера және оперетталарынан ариялар мен дуэттер орындалады.
Екінші бөлімде қазақ халық әндері мен заманауи әндер, сондай-ақ А. Жұбанов пен Л. Хамиди, Е. Рахмадиев, С. Мұхамеджанов, А. Мұхитдиновтың операларынан ариялар мен дуэттер орындалады.
Дирижер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.