Мәйіті көшеден табылған астаналық жасөспірімнің өлімінің себебі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде 14 жасар жасөспірімнің мәйітінің табылу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл туралы елорданың полиция департаменті хабарлады.

Полиция вандалдар
Фото: Астана әкімдігі

«14 жасар жасөспірімнің мәйітін табу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, істің барлық мән-жайы объективті, жан-жақты зерттеуге бағытталған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жасөспірім газ қоспасынан уланған», - делінген хабарламада.

Аталған оқиғаға қатысты басқа да деректер айтылмай отыр, себебі Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Еске сала кетсек, 11 қыркүйекте Астанада жасөспірімнің мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз.

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің мәйітін тексеру барысында көзге көрінетін дене жарақаттары анықталмаған. Ізін суытпай ол факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, 14 жастағы жасөспірім – елордадағы №16 мектептің оқушысы болған.