Майтабан мен вальгусты шатастырмаңыз: ортопед ата-аналарға кеңес берді
АСТАНА. KAZINFORM – Баласының аяғы қисайып жүргенін байқаған көптеген ата-ана майтабан немесе басқа ортопедиялық диагноздардан қауіптенеді. Алайда мамандардың айтуынша, ерте жастағы балалардың аяқ құрылымындағы өзгерістердің басым бөлігі физиологиялық қалыптасу кезеңімен байланысты.
Ортопед Олжас Байназаровтың айтуынша, ата-аналар көбіне майтабан мен вальгустық деформацияны шатастырады. Сонымен қатар кей жағдайда диагноз дәрігерге дейін қойылып, қажетсіз ем-дом жасалып жатады.
– Патология мен физиологияны ажырата білу керек. Бір, екі немесе үш жастағы баланың аяғының қисаюын бірден ауру деп қарауға болмайды. Бұл табиғи даму кезеңі. Қазір кейбір ата-аналар аяқтың сыртқы көрінісіне қарап алаңдайды, ал кейде дәрігер емес адамдар диагноз қойып жатады. Сондықтан ең алдымен ортопед маманның қарауы қажет, – дейді дәрігер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Маманның сөзінше, ортопедияда майтабан диагнозы 7-8 жастан кейін ғана қойылады. Оған дейін балаларда жалпақ табан мен вальгустық орналасу физиологиялық норма саналады.
– Табан күмбезі мен аяқ бұлшықеттерінің толық қалыптасуы 5-9 жас аралығында жүреді. Осы кезеңде табан табиғи түрде күмбезденіп, өз қалпына келеді. Сондықтан жеті-сегіз жасқа дейін майтабан диагнозын қоймаймыз. Оған дейін бұл физиологиялық жалпақ табан ретінде саналады, – деді Олжас Байназаров.
Дәрігердің айтуынша, бүгінде балалар арасында майтабанның жиі кездесуі қозғалыстың азаюымен байланысты. Әсіресе мектеп жасына дейінгі кезеңде белсенді қимыл-қозғалыс табанның дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
– Балаларды кедір-бұдыр жерлермен жүргізу керек. Тас үстінде, шөпте жалаңаяқ жүру пайдалы. Аяқтың ұшымен жүру, ойын түріндегі жаттығулар, қарапайым секіртпе жіппен шынығу сияқты тәсілдер табан бұлшықеттерін нығайтады. Бұрынғы балалардың далада көп жүруінің өзі үлкен пайда берген, – дейді маман.
Ортопедтің мәліметінше, майтабан көбіне артық салмағы бар немесе қосымша созылмалы аурулары кездесетін балаларда сақталып қалады.
– Бұл диагноз көбіне бұлшықет тонусы әлсіз, артық салмағы бар балаларда кездеседі. Сонымен қатар неврологиялық, эндокринологиялық немесе даму ерекшеліктері бар балаларда табанның қалыптасуы баяу жүруі мүмкін, – деп түйіндеді дәрігер.
Маман ата-аналарға баланы бір жасқа дейін 4 рет ортопедке көрсетуді ұсынады. Оның айтуынша, нәрестелердегі аяқтың аздап қисаюы көп жағдайда қалыпты физиологиялық құбылыс.
Айта кетейік, бұған дейін, балалардың 70 пайызында майтабандық бар екенін жазған едік.