Майя Манеза - әлем чемпионатының күміс жүлдегері
63 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан М.Манеза жұлқа көтеруде 109 келіні бағындырып кіші қола медальға, ал серпе көтеруде 139 келіні еңсеріп кіші алтын медальға ие болды. Екі сайыстың қорытындысында үлкен күміс медальды қанжығасына байлады. Өкініштісі, серпе көтеру сайысында 147 келіге тапсырыс берген қазақстандық спортшы оны еркін еңсергенімен, төрешілер тарабы есепке алмай қойды. Ал осы салмақ санатында әлем чемпионы атанған ресейлік Светлана Царукаева жұлқа көтеруде 117 келіні бағындырып, әлем рекордын жаңартты. Есте болса, дәл осы спортшы 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Коян қаласында өткен әлем чемпионатында М.Манезамен бірдей салмақты бағындырғанымен өз салмағының біздің спортшыдан сәл ауыр болуына байланысты күміс жүлдені қанағат тұтқан болатын.
Айта кетейік, әлемдік додаға Олимпиада жеңімпазы Илья Ильин мен жас дарын Алмас Өтешев 94 келі салмақ бойынша қатысады. Ал Әлем чемпионы Владимир Седов 105 келіде бақ сынайды. Сондай-ақ 105 келіде Сергей Истомин өз күшін әйгілемек. 77 келіде Кирилл Павлов, 85 келіде Владимир Кузнецов, 105 келіден жоғары салмақта Дмитрий Каплин мен Александр Заичиков сынды зілтеміршілерге сенім артылып отыр.
Ал әйелдер арасында әйгілі екі дүркін Әлем чемпионы Светлана Подобедова 75 келі салмақ бойынша зілтемірді көтеруге шығады. Ал 69 келі бойынша Ирина Некрасова, 69 келіде Жазира Жапарқұл, 75 келіде Анна Нұрмахамбетова, 75 келіден жоғары салмақта Александра Аборнева бақ сынайды.
Париж қаласындағы ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатының тартысты бәсекелерін Қазақстанның «Еларнасы» және «Еуроспорт» телеарналары көрсетуде.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қараша күні жарыс жолына шыққан Қазақстан спортшысы Зүлфия Чиншанло 53 келі салмақ санатында жұлқа көтеруде де, серпе көтеруде де ең үздік спортшы екенін дәлелдеп, қоссайыс нәтижесінде әлемнің екі дүркін чемпионы атанған болатын. Зүлфия Чиншанло 2009 жылғы әлем чемпионы, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы.
Әлем чемпионаты 13 қараша күні аяқталады.