Мазасыз түн: Оңтүстік өңірлерде малшылар жоғалып, Теміртауда құбыр жарылды
Өткен түнде елдің оңтүстік өңірлерінде малшылар жоғалып, елдің шығысында жолдар жабылды, деп хабарлайды Kazinform.
Өткен тәулікте құтқарушылар елдің бүкіл өңірінде 311 мәрте халыққа көмекке келген.
Оның барысында 147 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 13 бала бар.

Әдетте қысы Солтүстік пен Шығысқа қарағанда жайлы деп есептелетін оңтүстік өңірлерде де қыстың қаһары кәдімгідей сезіліп тұр.
Түркістан облысы
Мысалы, кеше түнде Түркістан облысында қатты аяздан жолдар жабылып, бүгін мектептер қашықтант оқуға көшті.
Өңірдегі меншікті тілшіміздің хабарлауынша, облыстың таулы аймақтарында бұрқасын жел басталып, күн райы күрт өзгерген.
Бәйдібек пен Түлкібас аудандарын байланыстыратын жол, «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» трассасы, Қошқарата-Жарықбас-Бірлік, Шаян-Ағыбет-Шақпақ, Көксәйек-Ақсу-Мыңбұлақ бағытындағы жолдар жабылған.
Кей жерде қалың қар басса, кей жолдарға мұз қатқан.
Күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан патрульдік полиция батальоны кешке кешкісін жолда адасып кеткен бірнеше жеңіл көліктің жолаушыларын құтқарды.
«Тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызметті жалғастырады және тұрғындарға ұзақ жолға шықпауға кеңес береді», — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қатты аяздың салдарынан Созақ, Ордабасы, Кентау қалаларында бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқып жатыр.
Осы Түркістан облысында шопан боранда бір отар қойымен бірге жоғалып кеткені мәлім болды.
Оқиға Отырар ауданына қарасты Сарыкөл ауылында болған. Іздеу жұмыстары түнімен жүргізіліп, таңғы сағат бестер шамасында құтқарушылар 58 жастағы ер адамды тапты.
«Іздестіру кезінде шопан Сарыкөл ауылынан 20 шақырым жерден табылды. Ер адам жол бойындағы қораны паналаған. Жаурап қалған. Қазір қауіпсіз жерге жеткізілді. Қойлары да түгел» делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысында да қар құрсауында қалған бақташылар аман-есен табылды
12 желтоқсаны күні сағат 00:24 шамасында полиция бөліміне Шу ауданы Көкқайнар ауылынан 15 шақырым жерде шаруа қожалықтардың бiрiнен 2 малшысы адасып, жоғалып кеткені туралы хабар түскен болатын.
Полиция қызметкерлері, аудан әкімдiгi мен төтенше жағдай мамандары, жергілікті тұрғындар арнайы техниканың көмегімен із кесуге шыққан.
«Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат 3:00 кезінде малшылар және қарауындағы малдары аман-есен табылды. Құтқарылған азаматтардың жағдайы бірқалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», — деді Шу ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Дiнмұхамбет Қойтөриев.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар, Жасөркен, Жалпақтөбе, Қызылдихан, Гродеково ауылдарының тұрғындары газсыз отыр. Құбыр жарылып, 1 мыңға жуық үй жылусыз қалған.
Аталмыш елді мекендердегі 8 әлеуметтік нысан да жылудан ажырап қалған.
Апатқа байланысты аймақта арнайы штаб құрылды.

Қызылорда облысы
Қызылорда облысында боранды күні мал іздеуге шыққан 16 жасар жасөспірім жоғалып, аман табылды.
Өңірде 11 желтоқсан күні ауа райы күрт өзгеріп, 25 градусқа дейін суытқан.
Сол күні күндізгі сағат 10:00 шамасында 46 жастағы азамат 16 жасар ұлымен бірге Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшоқы учаскесінде фазендадан екі жаққа бөлініп, мал іздеуге шыққан.
Сағат 14:00 шамасында әкесі фазендаға қайта оралып, баласының фазендаға әлі келмегенін біледі. Алғашқыда автокөлікпен ұлын іздеуге өзі шығады. Әрекеті сәтсіз болып, ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.
Жасөспірімді іздестіруге Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды.
Полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылды.
Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған бала түнгі сағат 2:00–де Жалағаш ауданы Жаңадария ауылына қарасты далалық жерден солтүстікке қарай 20 шақырым жерден табылды.

Қарағанды облысы
«Вечерняя Караганда» ресурсының мәліметінше, Қарағанды облысының Саран қаласында газ баллоны жарылған. Жер үйдің иесі қатып қалған баллонды жылына берсін деп пештің жанына қойып кеткен. Салдарынан газ жарылып, үй тұруға жарамсыз күйге түскен.
Ал Теміртауда мамандар қатып қалған су құбырын жөндеп жатыр. Кеше түнде диаметрі 300 мм болатын магистраль қатып қалған.
«Су құбырының қатып қалуына байланысты қаланың шығыс бөлігіндегі алты квартал тұрғындарының үйіне гидравликасы төмендетілген су беріліп жатыр. Проблемалық аймақ анықталды (шамамен 20 м). Сумен жабдықтаудың штаттық режимін қалпына келтіруге 8 бригада мен 10 техника тартылды», — деп хабарлады «Оқжетпес-Т» ЖШС.
Алматы қаласы
Алматыда қатты аяздың әсерінен қоғамдық көлік сыр беріп жатыр. Суықтан туындаған техникалық ақау салдарынан бірнеше автобус маршруттан алынған.
Әкімдік маршурттық автобустардың кешігуіне жолдағы көлік тығыны да әсер етіп жатқанын мәлімдеп отыр.
Ақмола облысы
Сондай-ақ бүгін түнде Ақмола облысында 31 шетелдік мінген автобус бұзылып, жолаушылар қар құрсауында қалды.
Астана-Петропавл тасжолында бұзылған автобустан 31 шетелдік эвакуацияланды. Оның бәрі — Тәжікстан азаматтары, ішінде екі бала бар.
Эвакуацияланған адамдар Көкшетау қаласындағы жылу пунктіне жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 9 желтоқсанда құтқарушылар 28 шетелдікті эвакуациялаған еді.