Мажарстан делегациясы Шымкентте бірлескен жобаларды талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — 7 қазанда Мажарстанның Дебрецен қаласының әкімі Ласло Папп мырза бастаған делегациясының Шымкентке сапары басталды.
Сапар аясында Дебрецен делегациясы мен Шымкенттің бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Оның барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың жалғасы ретінде екі қаланың іскерлік топтары өкілдері арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған екіжақты B2B кездесулері ұйымдастырылды.
Қалалық Дендросаябақта Дебрецен қаласының әкімі мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ағаш отырғызу рәсімі тағы бір символдық оқиға болды. Аталған акция екі қала арасындағы достықтың және берік әрі ұзақ мерзімді байланыстарды дамытуға деген ұмтылыстың символына айналды.
Сапар барысында Ласло Папп мырза жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өңіраралық ынтымақтастықтың перспективалары мен екі қала арасындағы әріптестік қатынастардың маңызы туралы айтты.
Қалалар арасында бауырластық қатынастарды орнатудың жоспарлануы сапарға ерекше мән береді. Бұл Шымкент пен Дебрецен арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және іскерлік, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған практикалық қадам болады.