Мажарстан елшілігі Екібастұздағы соғыс тұтқындарының жерленген орны туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы Мажарстан елшілігі соғыс кезіндегі мажар тұтқындардың сүйегін сақтау жұмыстарын жоғары бағалады және олардың тағдырын тезірек анықтау мақсатында тиісті ұйымдармен ынтымақтастық жасауды ұсынды.

Бұған дейін Павлодар облысының археологтары Екібастұздағы «Богатырь» көмір разрезі аумағынан 1918 жыл деп белгіленген мажар тұтқындардың жерленген орнын тапқан болатын. Бұл мазар ХХ ғасырдың басында Екібастұз көмір шахталарында жұмыс істеген соғыс тұтқындарына тиесілі екені анықталды. Қазір археологтар табылған сүйектерді сәйкестендіріп, тарихи құжаттарды зерттеумен айналысып жатыр.
– Қазақстандағы Мажарстан елшілігі мажар әскери тұтқындарының сүйектерін сақтау және аты-жөнін анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалайды, – деді елші Роно Отто.
Оның айтуынша, елшілік Мажарстандағы тиісті ұйымдармен дереу байланысқа шығып, екі ел мамандарының әскери тұтқындар тағдырын анықтау жұмысын жеделдетуге атсалысып жатыр. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы үкіметаралық комиссия аясында ғылыми-дипломатиялық жұмыс тобы құрылмақ.
Айта кетейік, зиратта 20-30 бейіт бар, құлпытастарының кейбірі бүлінген, бірақ екеуіндегі жазу оқылды. Енді олардың туыстарына іздеу салынды.