Мажарстан ЕО-дан сұраған 16,4 млрд еуродан бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Мажарстанның жаңа үкіметі Еуропалық одақтан қорғаныс саласына сұраған несиенің көлемін 16,4 млрд еуродан 5,4 млрд еуроға дейін қысқартты. Бұл туралы Еурокомиссия өкілі Томас Ренье мәлімдеді, деп хабарлайды Еuronews.

Мажарстан ЕО-дан сұраған 16,4 млрд еуродан бас тартты
Фото: BILD

Мажарстан билігі ЕО-ның Security Action For Europe (SAFE) бағдарламасы аясындағы өтінімді қайта қарап, 5,4 млрд еуро сұраған. Бұл сома бұрынғы премьер-министр Виктор Орбан үкіметі сұраған көлемнің үштен біріне жуық.

Премьер-министр Петер Мадьяр сәуірде қызметіне кіріскеннен кейін бастапқы өтінімді қайта қараған. Бұған дейінгі өтінімге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін деген күдік айтылған.

Италия да SAFE бағдарламасы бойынша қорғаныс несиесіне сұранысын 14,9 млрд еуродан 8 млрд еуроға дейін қысқартты.

SAFE бағдарламасының жалпы көлемі – 150 млрд еуро. Қаражат ЕО-ға мүше 19 мемлекет арасында бөлінеді. Бағдарлама Еуропаның қорғаныс өнеркәсібін нығайтып, әскери дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

SAFE Еурокомиссияның 2030 жылға дейінгі қорғаныс саласына қосымша 800 млрд еуро жұмылдыруды көздейтін «Дайындық-2030» жоспарының бір бөлігі.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, сатып алынатын қару-жарақ пен әскери жүйелер құнының кемінде 65%-ы ЕО елдері, Украина немесе Еуропалық экономикалық аймақ пен Еуропалық еркін сауда қауымдастығына кіретін елдерде өндірілген өнім болуы керек. Қалған 35%-ын үшінші мемлекеттерден жеткізуге болады.

Айта кетейік, бұған дейін Мажарстан ЕО-дан миграция ережесін бұзғаны үшін салынған тәулігіне €1 млн айыппұлды өтеуді талап ететінін мәлімдеген.