Мажарстан Еуроодақтың Украинаға экономикалық көмегін мақұлдамады

Мажарстан
Фото: ЕРА

Еуроодақ саммитінде Украинаға 50 млрд еуро көлемінде экономикалық көмек бөлу туралы шешімге Мажарстан қарсы болды. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

«Түнгі ауысым қорытындысы: Украинаға қосымша қаржы бөлуге вето қойылды», — деп жазды жұмаға қараған түні Х желісінде Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан.

Еуропалық одақ төрағасы Шарль Мишель ЕО көшбасшылары бюджет жоспарына Украинаға көмекті енгізу туралы келісе алмағанын растады.

Мишельдің сөзінше, оған бір ел қарсы болған. Ол қай ел екенін айтпағанымен, оның Мажарстан екені жасырын емес.

Мишель ЕО-ға мүше елдердің көшбасшылары бұл сұраққа келесі жылдың басында қайта оралатынын айтты.

«Мен егжей-тегжейлі талқылағым келіп тұрған жоқ, себебі келесі жылы, келесі жылдың басында өтетін саммитті дайындау үшін алдағы күндері, алдағы апталарда әріптестеріммен жұмыс істегім келеді», — деп жазды AFP агенттігі Еуропалық одақ басшысының сөзін.

Виктор Орбан да Х желісінде осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

«Біз бұл сұраққа жеткілікті дайындықтан кейін келесі жылғы Еуропалық кеңесте қайта ораламыз». — деді Мажарстан премьер-министрі.

Соңғы жаңалықтар
telegram