Мажарстан Қазақстан студенттері үшін білім гранты санын көбейтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажарстанда оқығысы келетін еліміздің студенттері үшін алдағы жылы 250 білім беру гранты бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас жыл санап артып келеді, бұл қуантарлық жағдай. Осы тұрғыда біздерді байланыстыратын ынтымақтастық салалардың бірі ол - білім. Өткен жылы Мажарстанда оқығысы келетін қазақстандық студенттер үшін білім грантының саны 40 болған, биыл оның саны 200-ге жетті. Алдағы жылы Stipendium Hungaricum  бағдарламасы аясында Мажарстанда оқимын деуші студенттер үшін 250 білім беру гранты бөлінді», - деді Мажарстанның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, мажар елінің гранттар санын көбейтуіне себеп, биыл бөлінген 200 білім беру грантына 1 мыңнан астам отандасымыз өтінім білдірген. Мажарстанға алдағы оқу жылына грантқа үміткерлердің өтінімі  2019 жылдың 15 қаңтарына дейін қабылданады.   

Сондай-ақ, елші үстіміздегі жылдың тамыз айында Мажарстанда «Тұран» түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайы өткенін айта келе, онда құрылтайды ұйымдастырудағы Қазақстанның қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. 

Сонымен қатар, елші мырза екі ел арасындағы тауар айналымының  үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда (2017 жылы 350 млн АҚШ доллары) 22% артып, жыл соңына дейін 700 млн АҚШ долларына жететінін айтып өтті.

Одан бөлек, А.Баранидың айтуынша Қазақстан нарығындағы Мажарстанның Wizz Air әуекомпаниясы нәтижелі жұмыс істеуде, аталған әуе компаниясының қызметін бір жылдың ішінде 40 мыңнан астам жолаушы пайдаланған және ұшу рейсі 98% кестеге сәйкес қызмет көрсеткен.  

Соңғы жаңалықтар
telegram