Мәжіліс 6 аптада 55 заң жобасын мақұлдады - Қ.Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алты апта ішінде біз 55 заң жобасын қарап, мақұлдадық. Бұл 20 жылдық Мәжіліс қызметінің тарихында теңдессіз жұмыс болды. Депутаттар да, Аппарат та жоғары жауапкершілік пен жұмылдырылған режимде жұмыс атқарды. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы барысында өткен аралық жұмыстың нәтижесіне қорытынды жасаған палата спикері Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Мәжіліс 6 аптада 55 заң жобасын мақұлдады - Қ.Жақыпов

«Елбасының заң жобаларын 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізуді депутаттар жедел, тиянақты, кәсіби түрде заң жобаларын қарап, орындады. Ұйымдасқан түрде 6 жалпы отырыста, Мәжіліс Бюросының 7 отырысында бұл заң жобалары талқыланды. Әрине, заң шығармашылығының негізгі жұмысы жұмыс топтары мен бас комитеттерде өтті. Жұмыс топтарының 534 отырысы, бас комитеттердің 22 кеңейтілген отырысы өтті. Күн сайын жұмыс топтарының 30-ға тарта отырыстары өтті», - деді спикер. Оның айтуынша, Мәжіліс қабырғасында Үкіметтен келіп түскен заң жобаларының сапасын жақсартуға бағытталған көптеген түзетулер, өзгертулер ұсынылды. Депутаттар шамамен 11 мыңға тарта түзету жасап, оның жартысына жуығы қолдау тапқан. Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы Үкіметке қоян-қолтық жұмысы үшін ризашылығы мен алғысын айтты. «Осыған байланысты тікелей өзі де айналысып, бізге көмектескені үшін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке де алғысымды айтқым келеді», - деді спикер.