Мәжіліс Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтіледі. Осы орайда тиісті құқықтар белгіленген. Өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиісті шараларға қатысты мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға ұсыныстар жолдау, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) адамдардың шектелмеген тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап-арызбен сотқа жүгіне алады.
«Мұндай тетік алғаш рет ұсынылып отыр және адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Мазмұндық тұрғыдан уәкілге адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы ақпаратты зерделеу және талдау, шағымдарды қарау нәтижелерін жинақтап қорыту функциясы жүктеледі жүктеледі. Бұл оның қызметіне дәйектілік пен алдын алу сипатын береді», - деді Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров.
Атап айтқанда, заң жобасында уәкілдің өңірдегі өкілінің мәртебесі мен қызметі бекітіледі.
Уәкілдің мәртебесіне, оның қызметінің қағидаттарына, яғни адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мүддесінде заңдылық, ашықтық және тәуелсіздік қағидаттарына ерекше мән беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі. Осыған байланысты оны жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібі енгізіледі.
Сондай-ақ, уәкіл куә ретінде айғақтар беруден босатылады.
Уәкілдің заңды қызметіне араласқаны немесе кедергі келтіргені үшін жауаптылық енгізіледі . Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымында болуға байланысты талаптар мен шектеулер көзделеді.
Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» заң жобалары да бірінші оқылымда мақұлданды.