Мәжіліс агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжатқа Мәжілістің бір топ депутаттары бастамашылық жасаған.
None
None

Заң жобасымен 12 заңнамалық актіге агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізу көзделеді. Сонымен қатар, құжатты әзірлеуге Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларын орындау негіз болған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «жеке инвестициялардың аграрлық өндіріске тәуекелін төмендету үшін заемдарды кепілдендіру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін енгізу» туралы тапсырма жүктеген болатын.

«Заң жобасымен инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешен субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеу көзделеді. Осы арқылы олар жаңа өндіріс қуатын құрған кезде немесе қолданыстағысын жаңғырту барысында өздерінің шығыстарын ішінара жаба алады. Мемлекеттік қолдаудың осы бағыты аграрлық секторға инвестицияны арттыруға, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарын дамытуға оң ықпал етеді», - дейді депутат Роман Ким.

Оның айтуынша, заң жобасымен қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылып отыр. «Өңдеуші өнеркәсіптегі басты кедергілердің бірі - шикізатқа бағаның жоғары болуы. Осының өзі түпкі өнімнің бағасына, оның нарықтағы бәсекелестігіне әсер етеді. Ал бұл норманы енгізсек, өнеркәсіп өндірген өнімнің бағасы да төмендеп, бәсекеге қабілеті де артады. Түптеп келгенде, мұндай тетік ішкі нарықта тұтынылатын отандық өнімнің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түспек», - деді ол.

Бұл ретте сатып алынатын шикізаттың кейбір түрлерін ғана субсидиялау қарастырылады. Атап айтқанда, қант қызылшасы мен сүтті сатып алуға басымдық берілмек. Өйткені, мұндай шикізат түрлері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саналып отыр.

Бұдан бөлек, заң жобасымен ветеринарлық-санитарлық қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты қатайту ұсынылады. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын қолдаудың жаңа шаралары да қарастырылады.

Депутаттардың айтуынша, заң жобасы Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жағдайында ауыл шаруашылығы кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар