Мәжіліс: Ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша заңдарға енгізілген түзетулер екінші оқылымда талқыға түседі

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындап, өз қорытындысын берді,

Мәжіліс: Ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша заңдарға енгізілген түзетулер екінші оқылымда талқыға түседі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасының негізгі мақсаты ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы Қазақстан Республикасының аумағында ақпаратты таратуға байланысты қатынастарды реттеуді жетілдіру болып табылады. Заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректер беру үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері жөніндегі ережелерді бекітіп беру, «веб-сайт» деген ұғымды кең ауқымды «интернет-ресурс» деген ұғымға ауыстыру, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректер беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылады, оған сәйкес ұлттық заңнамаға қайшы келетін ақпаратты орналастыруға жол берілмейді. Заң жобасының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында Салық кодексіне, «Электр энергетикасы туралы» және «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізілді, сондай-ақ «сәйкестендіру коды», «интернет-ресурс» деген ұғымдар нақтыланды. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар М. Әбенов, Қ. Жақыпов, Ұ. Елеубаев, М. Пішембаев, Қ. Сәдуақасов, С. Ферхо, Р. Халмұрадовтан бұқаралық ақпарат құралын шығаруды не оның өнімін таратуды тоқтата тұру, не тоқтату тәртібін нақтылау жөнінде, сондай-ақ заң жобасының мәтінін заң техникасы ережелеріне сәйкес келтіру жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Түзетулердің бәрі барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының және салалық комитеттің отырыстарында жан-жақты қаралып, талқыланды және бас комитеттің қорытынды салыстырма кестесінде көрсетілді.