Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығына қатысты заң жобасын мақұлдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасы еліміздегі асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталады. Бұл ретте, өсімдік және мал шаруашылығының негізгі салаларын дамытумен қатар бал арасы шаруашылығы мен балық шаруашылығы сияқты қосымша салаларды қолдау шаралары қарастырылып отыр. Осылайша заң жобасында «мал» деген ұғымды кеңейту көзделеді. Бұл оларға ауыл шаруашылығында өнім, соның ішінде асыл тұқымды өнім алу үшін табысты пайдаланылатын жануарлардың жаңа түрлерін жатқызуға мүмкіндік береді.
Заң жобасында ұсынылып отырған нормалар таза тұқымды бал арасы мен балықтарды өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъект мәртебесін беруді көздейді. Ал құс шаруашылықтарын асылдандыру жұмысын жүргізу деңгейіне байланысты асыл тұқымды мал зауыттары мен малды асылдандырушы шаруашылықтарға бөлуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты асыл тұқымды құс фермалары мен құсты асылдандырушы шаруашылықтардың құс шаруашылығында селекциялық-асылдандыру жұмысының жүргізілу деңгейі бойынша аражігін ажырату енгізіледі.
Заң жобасын қабылдау болашақта асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілердің саны мен осындай малдың үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді.