Мәжіліс атқарушылық құжаттарды орындау қызметін Әділет министрлігіне беру туралы жобаны мақұлдады
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық құжаттарды орындау, республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған құжат ҚР Президентінің құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасы бойынша ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің атқарушылық құжаттарды орындау, жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алу секілді функциялар мен өкілеттіктерін Әділет министрлігіне беру көзделеді. Құжатты қабылдау азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарының қорғалуына, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалуына қосымша кепілдіктер береді.