Мәжіліс авиация қызметі туралы жобаға Сенат енгізген өзгерістерді қабылдады

Заң жобасының негізгі мақсаты авиация қызметін жетілдіру, әуе кеңістігін пайдалану саласындағы реттеу және бақылау бойынша мемлекеттік органдардың аражігін ажырату болып табылады. Сонымен бірге, құжатта ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау шараларын күшейту, авиациялық тасымалдау кезінде халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту және авиатасымалдаушының жауапкершілігін арттыру шаралары қарастырылады. Азаматтық авиацияның әуе кемелеріндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша тиімді жүйе құру көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасында азаматтық авиация қызметін реттеу бойынша бірқатар жаңа нормалар енгізілген. Бұл ретте Қазақстан аумағында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының еуропалық авиация талаптары секілді авиациялық стандарттары барлық субъектілер үшін міндетті түрде қолданылатын болады. Жаңа нормаларға сәйкес, жолаушыларды, жүктерді коммерциялық тасымалдауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар ғана әуе компаниялары бола алады. Әуе компаниялары кемелерінің қауіпсіз пайдалануын және олардың ұшуға жарамдылығын сақтау үшін тиісті қаржылық ресурстарға және мүлікке ие болуға тиіс. Бұл ретте тұрақты ұшуды жүзеге асыратын әуе компанияларында резервтік ұшақ паркі және тасымалдаудан түсетін кірістерді есепке алмағанда, ұшу шығындарын кемінде бір айда жабу үшін қаржылық резерві болуы шарт.
Сенат Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына редакциялық нақтылау сипатында бірқатар түзету енгізген болатын.