Мәжіліс азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталған құжатпен жұмысты жалғастырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілері азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен жұмысты жалғастыру туралы қаулы қабылдады.

Мәжіліс азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталған құжатпен жұмысты жалғастырады

Айта кетерлігі, аталған заң жобасы Үкіметтен Мәжіліске былтырғы 2015 жылдың шілдесінде келіп түскен болатын. Қазір құжат палатаның Заңнама және құқықтық реформа комитетінің қоржынында жатыр.

«Заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімі 2016 жылдың 27 мамырына белгіленген болатын. Негізінен құжат азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталады. Соның ішінде жеке құқықты, өмір бойғы құқықтарды қалпына келтіру, олардың туындауына құқықтық негіздерін жетілдіру, мойындау (тану) институтын жетілдіру мәселелері қамтылып отыр», - дейді заң жобасына қатысты түсінік берген депутат Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасын жұмыс топтарында талқылау барысында 78 түзету келіп түскен.

«Сонымен бірге, заң жобасымен қолданыстағы екі кодекс пен 9 заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұның өзі құжатты екі оқылымда талқылауға әкеп соқтырады. Бұдан басқа, депутаттар тарапынан келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобында мұқият талқылауды талап етеді. Оған барлық мүдделі тараптарды қатыстыруға тиіспіз. Сонымен қоса жаңа шақырылым депутаттарының тарапынан да ұсыныстар түсуі мүмкін» - деді депутат Н. Әбдіров. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасымен жұмысты одан әрі жалғастырып, құжат бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін 2017 жылдың 20 наурызына дейін ұзартуды қолдады.