Мәжіліс балалар құқықтарын қорғауға қатысты заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады
АНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылап,
сенаторлардың түзетулерін қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының мақсаты балаларды әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан қорғау тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте құқық қолдану тәжірибесінің басымдықтарын жазалау-қуғындау шараларынан профилактикалық және қорғау функцияларына қарай өзгерту шаралары қамтылады. Атап айтқанда, құжатта баланың құқықтарын қорғау мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құқықтық шаралар жүйесін кеңейту көзделеді. Осыған орай, заң жобасында ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделеді. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылық көзделген бап енгізіледі. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған баланың эротикалық сипаттағы материалдарды сатуына тиым салынады.
Құжатта сондай-ақ кәмелетке толмағандарды олардың денсаулығына зиян тигізетін ауыр жұмыстарға немесе олардың білім алуына кедергі келтіретін жұмыстарға тартуға тиым салынады. Заң жобасы бойынша дамыған елдердің балалар құқы бойынша тәжірибелері зерделеніп, ескерілген.
Сенат тарапынан ұсынылған нормалардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып отыр.