Мәжіліс балаларды олардың дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады
Аталған құжат бұған дейін мақұлданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасының нормаларына орай дайындалған. Заң жобасына Мәжілістің бірқатар депутаттары бастамашылық жасап отыр.
«Әуелгіде құжат бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «ҚР-да баланың құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Телерадиохабарларын тарату туралы» және «БАҚ туралы» заңдарға өзгерістер енгізу қамтылған болатын. Мәселені зерттей келе, негізгі заң жобасының мазмұны айқындалды. Соған орай, өзгерістер енгізілетін заңдардың қатары толыға түсті. Атап айтқанда, «Рұқсаттамалар мен хабарландырулар туралы», «Дербес деректер туралы», «ҚР мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Білім және ғылым туралы» бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырмыз», - деді заң жобасы бастамашының бірі депутат Алдан Смайыл.
Оның айтуынша, өзгерістер негізінен ақпараттық қауіпсіздіктен бастап, радиоэлектрондық немесе жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану қағидаларының сақталуы, білім беру мекемелерінде балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз ететін ақпараттық бағдарламалық кешеннің болуы секілді нормалар қамтылып отыр.
«Бұдан бөлек, жарнаманы балалар денсаулығы мен дамуына зиянын тигізетін ақпараттық өнімді насихаттау үшін пайдаланбау, интернет ресурстарына талап қою, балалардың ақпараттық қауіпсіздігі бағытындағы мемлекеттік саясат пен оны іске асыру секілді өзекті шаралар қамтылған», - деді депутат.
Екінші оқылымда мақұлданған заң жобасы Сенатқа жолданады.