Мәжіліс балаларды зиянды ақпараттардан қорғау жөніндегі депутаттық бастамаларды қолдады
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі депутаттық заң жобасына қолдау көрсетілді және сәулеттік, қала салу және құрылыс қызметі, мемлекеттік сатып алулар, сондай-ақ ТЖ кезіндегі ШЫҰ елдерінің актісі мәселелері бойынша түзетулер мақұлданды. Палата бірқатар жаңа халықаралық құжаттарды және балаларды қорғау жөніндегі депутаттық заң жобасын өндіріске алды.
Мәжіліс мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, бұл құжат қазіргі Парламент қоржынындағы ең «атышулы» заң жобаларының бірі. Өйткені, мемлекеттік сатып алу төңірегінде сұрақтар көп. Сондықтан да, заң жобасы «ешкімнің қалауына» мүмкіндік бермейтіндей тастүйін әзірленуі керек.
Тақырыпқа қатысты Спикер ұсынылып отырған нормалар арасынан қазақстандық өндірушілер тауарын алуға міндеттеу туралы қағидатты алға тарта отырып, бұл отандық тауар өндірушілерді қолдауға қызмет ететінін қадап айтты. Әйтсе де, - бүгінгі күні барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде, Парламенттің шаруашылық басқармасы да көліктерді жаңалауда. Оны біз Өскемендегі отандық тауарөндірушілерден сатып аламыз. Бірақ, жоқ жерден сол көліктің бағасы 4 миллионға қымбаттап шыға келеді. Осыдан кейін-ақ, ол өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Өйткені, Кедендік Одақта тұрған Ресейден шығарылатын дәл сол санаттағы «Toyota Camry» көлігі біздікінен 20 мың долларға арзан. Осы жағдайда мемлекеттік орган не істеуі керек? Бір жағынан қазір сіздер заңға енгізгелі отырған міндетті қағидат бар, ал, екінші жағында, мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсауға мәжбүрлік бар. Мұндай мысалдар аз емес. Сол үшін бұл заңның әрбір жолы егжей-тегжейлі саралануы керек. Ең бастысы - бюджет қаржыларын тиімді пайдалану 6- деді Нұрлан Нығматулин.
Одан әрі Мәжіліс төрағасы екінші оқылымда заң жобасының сапасын күшейтуге баса назар аудару керектігін айта келіп, - ол сапалы әрі ашық болуы керек, - деді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, атап айтқанда Үкімет, облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысын құрады. Бұл осы тәсілдермен бюджеттік бағдарламалар және (немесе) Үкімет және жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен белгіленген тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша конкурс және аукцион өткізу үшін жасалып отыр.
Бұл арада артықшылық мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, түзету мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарына, сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беріеді.
Тұтастай алғанда, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң нормаларын қолданбай сатып алуда жасырын монополияға жол бермеу көзделеді.
Мәжіліс екінші оқылымда агроөнеркәсіп мәселелері бойынша депутаттық заң жобасын қолдады. Парламентшілердің бастамасы осы сала субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлерін заңнамалық тұрғыда бекітеді. Және, атап айтқанда, ветеринария, ауылдық аумақтар саласындағы және тұтастай саладағы заңнамаларды одан әрі жетілдіруді көздейді.
Депутаттар сондай-ақ «Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетудегі өзара іс-қимылы туралы келісімге хаттаманы ратификациялару туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжаттардың үлгілік нысандарын бекіту апаттық жағдайларда тараптардың бірлескен іс-қимылына көмектеседі.
Сәулеттік, қала салу және құрылыс қызметі мәселелері бойынша бүгін екінші оқылымда мақұлданған түзетулердің негізгі мақсаты - бірыңғай мемлекеттік қала салу кадастрын құру болмақ. Ол елді мекендердің, инженерлік құрылғылардың, және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың ахуалы туралы ақпараттардың жеделдігін, толық көлемінде болуын және шынайылығын, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
Мәжіліс жалпы отырыста сондай-ақ «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қатысушы-мемлекеттерінің әуе кемесін басып алу (айдап кету) туралы хабар алғанда әуе шабуылынан қорғаныс күштері кезекшілерінің қимылын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бейіндік комитетке қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Құжаттар ТМД қатысушы-мемлекеттерінің әуе шабуылынан қорғану күштерінің кезекшілер іс-қимылын ұйымдастыру мекемелеріне құқықтық реттеуге жіберілді.
Сондай-ақ бүгін «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан Республикасындағы ынтымақтастығы мен қызметіне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы өндіріске қабылданды. Құжат қабылданған жағдайда бұл қаржы мекемесіне біздің еліміздегі қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Сәрсенбі күні Палата балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау мәселелері бойынша депутаттық түзетулерді өндіріске жіберді. Жаңа заңнамалық талаптарды жасауда қазіргі халықаралық стандарттар мен балалар мен жастар үшін зиянды ақпарат өнімдері айналымын заңнамалық реттеудегі шетелдік озық тәжірибе ескерілді. ТМД қатысушы-мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы қабылдаған тиісті модельдік заң жобасы ескерілді.
Бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысы 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет пен еңбек көші-қонына қатысты Сенаттың түзетулерімен келісті. Бейіндік комитетке қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейлі банктерді одан әрі дамыту мәселесі бойынша заңнамалық түзетулермен жұмысты одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданды.