Мәжіліс банкроттықты реформалауға бағытталған заң жобасы бойынша Сенатпен келісімге келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қарап, оған келісім берді.

Мәжіліс банкроттықты реформалауға бағытталған заң жобасы бойынша Сенатпен келісімге келді

Еске сала кетейік, заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған және борышкерді банкрот деп тану негіздерін белгілейді. Бұл ретте банкроттық жүйесін реформалауға байланысты өзгерістердің бір топтамасы төлемге қабілетсіздікті шешу қағидаттарын өзгертуге негізделеді. Тоқтала кететін жайт, қолданыстағы банкроттық тәртібі біршама деңгейде кәсіпорындарды таратуға бағытталған және қаржылық сауықтыру рәсімдерін қолдануды ынталандырмайды. Ал банкроттық жүйені реформалау «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жасау шараларының бірі болып табылады. Өйткені, бүгінгі таңда көптеген жосықсыз борышкерлер банкроттық рәсімін жауапкершіліктен және кредиторлар алдындағы өз міндеттерін орындаудан жалтару әдісі ретінде пайдаланады. Осыған байланысты, заң жобасында банкроттық жүйеге көзқарастарды өзгерту көзделеді. Мұнда ең алдымен сырттай бақылаушыдан уақытша басқарушы тұлғаны енгізуге көшу қарастырылады. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, сырттай бақылау рәсімі тиімсіз әрі борышкердің төлемге қабілеттілігін нақты шеше алмайды. Сондықтан да заң жобасымен осы рәсім алынып тасталады. Сонымен қатар, борышкердің жауапкершілігі күшейтіледі. Бұл оның лауазымды адамдарымен субсидиарлық жауапкершілікті белгілеу арқылы күшейтіледі. Тұтастай алғанда, заң жобасы қасақана банкроттық жағдайларды біршама қысқартады деп күтіледі. Сенат Мәжіліс мақұлдаған құжатқа біршама өзгерістер енгізген болатын. Атап айтқанда, «жалған банкроттық» ұғымы жаңа редакцияда жазылып отыр. Бұдан басқа да бірқатар нормалар нақтыланады. Мұндай түзетулерге Мәжіліс депутаттары келісімдерін беріп отыр.