Мәжіліс бәсекелестік мәселелері бойынша Сенат енгізген өзгерістерге қолдау білдірді
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді қарады.
Заң жобасында еліміздің қолданыста жүрген бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу көзделеді. Нақтырақ айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерінің кез келген нысанына әкеп соқтыруы мүмкін немесе әкеп соқтырған нарық субъектілерінің экономикалық қызметін жеке және заңды тұлғалардың үйлестіргені үшін, сондай-ақ монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлану жасалғаны туралы хабарламаны бермегені үшін жауаптылықты белгілеуді көздейтін нормалармен толықтыру ұсынылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 196-бабына ірі залал көлемін айқындауға байланысты түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар «Бәсекелестік туралы» заңға монополияға қарсы органға экономикалық шоғырлануға келісім алу үшін ұсынылатын ақпараттан басқа шетелдік заңды тұлғалар қосымша ұсынатын құжаттар тізбесі айқындалады. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге әкеп соқтырып отырған тыйым салынатын іс-қимылдарының тізбесі толықтырылады, нарық субъектілерінің арасында жасалған келісімдерге (бәсекелестікке қарсы келісімдерге) тыйым салынатын және олар жарамсыз деп танылатын шарттар нақтыланады.
Мәжіліс Сенат тарапынан енгізілген ұсыныстарға келісімін берді.