Мәжіліс білім беру заңына түзетулерді мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған қазақстандықтар оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі.

Мәжіліс білім беру заңына түзетулерді мақұлдады

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының студенттері екінші курстан бастап міндетті түрде кәсіптік практикадан өтеді. Ол үшін жұмыс берушілер практикадан өтетін студенттерге жұмыс орындарын ұсынуға міндетті. Мұндай қадам салалық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың маман даярлау бойынша жауапкершілігін арттыра түседі.

Ағымдағы жылдың 7 қазанында Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдаған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76,77, 78 және 79-шы қадамдарын жүзеге асыруға бағытталған нақты нормалар қабылданды. Сондай жаңа нормалардың бірі - білім беру туралы құжаттарға қатысты өзгерістер. Мәселен, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік үлгідегі құжаттарды білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық еуропалық желілердің толық мүшесі болып табылатын және уәкілетті органның тізіміне енгізілген шетелдік, ұлттық тіркеу органдарында халықаралық тіркеуден өткен ұйымдар береді. Бұл жаңалықты Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов былай түсіндірді: «Ең алдымен, заңнамаға «тіркеу» деген ұғым енгізіледі. Яғни, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық жоғары оқу орындары бұрынғыдай аттестациялаудан емес, тәуелсіз ұйымдардан тіркеуден өтеді. Оны халықаралық деңгейдегі тіркеу агенттіктері жүзеге асырады. Сонымен қатар, Еуропалық сапа жүйесіне мүше болған ұлттық тіркеу агенттіктері де осындай құзыретке ие болады».

Министрдің пайымдауынша, мұндай өзгеріс бұған дейін ақша төлеп, тіркеліп келген жекеменшік жоғары оқу орындарына қатысты түйткілді мәселені оң шешуге ықпалын тигізеді. - Сонымен қоса, аталған заң жобасында мемлекеттік жорғары оқу орындарына кәсіптік-техникалық білім беру бағыты бойынша ақылы қызмет көрсету мүмкіндігі ұсынылып отыр. Яғни, әрбір жоғары оқу орны өзінің колледжін ашып, азаматтардың біліктілігін арттыруға бағытталған әртүрлі курстарды ұсына алады. Біздің ойымызша, бұл жоғары оқу орындарын қолдауға бағытталған игі шара,- деп мәлімдеді А. Сәрінжіпов Мәжілісте заң жобасы екінші оқылымда мақұлданғаннан кейін.

Атап айтарлығы, бұл нормалар жоғары оқу орындары үшін - 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап; кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейін арнаулы білім беретін ұйымдар үшін - 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Гүлмира Исимбаева елімізде соңғы 4 жылдан бері жоғары оқу орындарын тіркеу мәселесі жөнінен жүйелі іс-шаралар атқарылмағанын жеткізді. Оның пікірінше, бұған тиісті институционалдық ортаның болмауы, оған өтуге ынталандыру шарттарының жеткіліксіздігі себеп болса, жаңа түзетулер осы олқылықтың орнын толтырады.